Ескен Елубаев

 

1. Өмірбаян

2. Поэзия

3. Шығармалары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ескен Елубаев 1942 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар стансасында туған. 1958 жылы Отар стансасындағы № 29 теміржол орта мектебін бітірген. ҚазМУдің филология факультетін 1966 жылы тамамдаған.

 

1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, «Балдырған» журналының бас редакторының орынбасары болып қызмет істеген.

Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналында жарияланды.

Негізінде балаларға арнап жазады. Оның «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ театрында қойылған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994). Ұлттық «Астана – Бәйтерек» конкурсының екі дүркін бірінші жүлдегері (2007–2008), Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері (2008). «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған, Мемлекеттік грант иегері. Қазір зейнеткер.

Қырықтан астам кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. «Балабек», «Асар» пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Саған күшік керек пе?» кинофильмі автордың пьесасы бойынша түсірілген. Шығармалары қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енген.

Шығармалары: Көк жейде. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1967; Көкпар. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1970; Баламысың деген. Өлеңдер. А., «Жалын», 1981; Өжет. Пьесалар, тақпақтар. А., «Өнер», 1984; Кто сильнее? Стихи. А., «Жалын», 1984.

 

ЖОҒАРЫ


Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарынан бастап лирикалық өлеңдері мен балаларға арналған шығармаларымен көзге түсе бастаған Ескен Елубаев – бүгінде қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы, қолына қалам ұстап, «балаларға базарлығым» бар дейтін жастардың ұстазы, үлгі алып, бет түзейтін тұлғасына айналған сөз шебері. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мысал өлеңдер мен лирикалық өлеңдер жазып, балалардың ең жақын досы «Балдырған», «Қазақстан пионеріне» жиі-жиі жіберіп тұрады. Ақынның «Тастың аты тас» дейтін өлеңі 1958 жылы «Ара» журналында жарық көреді. Тырнақалды туындысының жарыққа шығып, ауыл көлемінде «ақын» атана бастаған жеткіншек «өлең ауыруына» ұшырап, бұл қасиеті оның келешек өмір жолын айқындап береді. Шығармашылығын лирик ақын ретінде бастаған Ескен Елубаев бірте-бірте тек балаларға ғана жазатын жазушыға айналады. Оның себебін ақын «Балаларға арнап біржола өлең жазып кетуіме университетті бітірген соң, «Қазақстан пионері» газетінің редакциясына қызметке орналасуым да сеп болған шығар деп ойлаймын. Балаларға өндіре жазуға қызмет істеп жүрген ортаның да ықпалы көп тиетініне көзім жетті», - деп түсіндіреді.

Балаларға әдебиет жасаушы ақын болсын, жазушы болсын бала күнінен табиғат ананың құшағында, ыстығына - күйіп, суығына - тоңып, қырға - өрмелеп, еңіске - құлдырап, даланы - кезіп, орманда - адасып, суына - шомылып, шалғынына - аунап, шаңына - тұншығып, батпағын - кешіп өскені абзал. Балалар ақын - жазушыларының өмір жолына, шығармашылық лабораториясына қарап отырсаңыз, осы құбылыс әр жерде - ақ кездеседі. Толық үйлесімде дамып, өмір сүретін табиғаттай Е.Елубаевтың да балаларға арналған шығармалары жинақы, шағын әрі жұп-жұмыр боп келеді. Ақын «Өзен» деген өлеңінде:

Тау басынан,

Құзардан,

Тасты соғып

Бұза алмай,

Тау өзені

Келеді,

Ойнақтаған

Бұзаудай.

Ал еңісте ағады

Жайбарақат жұлынбай,

Маң-маң басқан,

Жай басқан

Сүтті сауын сиырдай - деп, өмір фактілерін образға бөлеп елестетеді, табиғат суреттерін баланың күнде көріп, өзі ішінде жүрген құбылыстармен астастырып, шебер суреттейді. Бір - ақ ауыз сөзді қысқа ғана өлеңде балаға таныс, бірақ, көркемдеп, образға салып, салыстыра сипаттағанда өзгеше бір әсем әлем бейнесі көзге елестейді. Қазығынан шығып, арқаннан босаған ерке бұзаудың ойнағындай құзардан құлап аққан тентек өзеннің еңіске түскенде арыны басылып, ағысы тежеліп, өрістен қайтқан сауын сиырдың жайбарақат күйіне түсуі сияқты ауыл баласының күн құрғатпай көз алдында өтетін оқиға поэтикалық бейнелеуде ерекше сұлу образдық суретке айналған.

ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында көркем әдебиетіміздің кенжелеп қалған саласы балалар әдебиетін өркендету ісі жаппай қолға алынғаны сол кезеңде өндіріп еңбек еткен ақын - жазушыларымыздың шығармаларынан анық байқалады. Коммунистік партияның кейбір идеологиялық ұстанымдарына иек артып алған солақай сыншылардың жадағай, біржақты пікірлеріне қарамастан, бала психологиясын, олардың дүниетанымын түсіне білген көптеген ақын - жазушылар қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына енетіндей асыл мұраларын қалдырды. Жас ақын ретінде Е.Елубаев та сол уақыттарда әдебиетте белең алған схематизмге, стандарттылыққа ұрынбай, өз шығармашылығында соны өріс тауып, жаңа леп әкелді. Е.Елубаев – өз шығармаларын баланың жас ерекшелігіне қарай жазған алғашқы қаламгерлердің бірі. Бөбектер мен жеткіншектердің қабылдау ерекшеліктерін, ойлау және табиғатты тану қабілеттерін ескере отырып жазған қысқа өлеңдері мен тақпақтары, әдеби жұмбақтары мен ертегілерінің балалар сүйіп оқитын шығармаға айналуының себебі де осы. Бұл туралы белгілі әдебиет сыншысы С.Қирабаев былай дейді: «Бөбектерге арнап кітап жазу, әрине, оңай жұмыс емес. Оқушы жас болған сайын, ол оқитын кітаптың да ерекшеліктері айқындала түсуі керек... Балаларға арналған кітаптың ерекшелігі – оның мейлінше қарапайым, нақтылы, әдеби образға бөлеп жазылуымен байланысты. Бөбектердің кітабы оқушыны әрі көңілдендіретін, қуанышқа бөлейтін, жеңіл оқылатын, оның үстіне баланың санасын оятарлықтай ойға құрылуы керек». Ақынның «Күзде», «Шатыр», Екі қол», «Жау, жаңбыр», «Қарап тұрсам өзім», «Қақ суы», «Қар» сияқты өлеңдері - мектеп жасындағы балалардың таным көгжиегін кеңітетін, табиғат сырларына үңілтіп, өмір шындығын танытатын ұтымды шығармалар. «Шатыр» өлеңінде:

Теміржол бойы бағана,

Сымында көктем құстары.

Жып-жылы қазір далада,

Дала да үйдей қыстады...

Жапырақ жайған бүр жарып,

Емендер – жасыл қол шатыр.

Көктемнің бала жаңбыры

Көшеге шықса жүгіріп.

Астына емен шатырдың,

Қаламыз біздер тығылып – деп, немесе, «Күзде» деген өлеңінде:

Қайтқан құсты көрдің бе,

Қаптай ұшқан әуелеп.

Күткен күзбен келдің бе,

Сыңсып бағың мәуелеп.

Қамба толы астыққа,

Алғыс саған, алтын күз,

Бір уыс дән шаштық та,

Қап – қап қауын алдық біз – деп, табиғаттың, қоршаған ортаның сұлулығын, әсем көріністерін бала санасына жеңіл, ойнақы тілмен суреттей отырып, еңбексүйгіштік, тапқырлық сияқты жақсы қасиеттерді де насихаттайды. Ақын өлеңдерінде шұбалаңқылық, тіл шұбарлығы, баланың қабылдауына ауыр сөздер мүлдем ұшыраспайды деуге болады. Қайта, оның өлең, ертегілерінде нақтылық, қысқалық, кез келген суреттеулерді бейнелі образға тез айналдыра қоятын шеберлік көрініп тұрады. Оның бүлдіршіндерге арналған әріп жұмбақтары - тіл ұстартуда, баланың сөздік қорын қалыптастырып, молайтуда таптырмас құрал.

Қарда бар,

Шықта жоқ.

Жарда бар,

Ықта жоқ – деп, «Р» дыбысын жұмбақтай отырып, табиғатты, өзі өмір сүріп отырған қоршаған ортаны жаңа - жаңа тани бастаған балаға «шық», «жар», «ық» сияқты сөздерді таныстырады. Мағынасын білмейтін, жаңа сөзге тап болған бала оның мәнісін міндетті түрде ересектерден сұрайтынын, кішкентай баланың «бұл немене?» психологиясын жақсы білетін ақын осындай ұтқыр да тапқыр тәсілдерге барады. Бұл күндері жетпісті алқымдап, ақсақал ақын болған Ескен Елубаевтың шығармашылық қуаты әлі де болса сарқылмаған. Соңғы жылдары оның балалар мен бөбектерге арнаған көркем дүниелері «Балдырған», «Ұлан» сияқты белгілі басылымдарда жиі – жиі жарық көріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде зор ықпал етіп келеді. Балалар мен ересектердің сүйсіне көріп, тамашалайтын, ол сценариін жазған «Саған күшік керек пе?» толықметражды көркем фильмі де қазіргі қазақ көркем өнеріне қосылған үлкен үлес.

Жас ұрпаққа өмірі өнеге, еңбегі үлгі болған, «балалар бағының бағбаны» атанған Е.Елубаевтың шығармашылығы әлі де болса жан – жақты зерттеуді қажет ететін мол мұра.

ЖОҒАРЫ


Шығармалары

  1. Елубаев, Е. Автобус / Е. Елубаев ; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008. - 9 б.: сурет.

  2. Елубаев, Е. Ақыл тіс : өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар / Е. Елубаев.- Алматы: Жалын, 1991.- 352 б.: сурет.

  3. Елубаев, Е. Ақыл тіс: өлеңдер / Е. Елубаев; сурет. Г. Головков.- Алматы: Жалын, 1978.- 78 б.: сурет.

  4. Елубаев, Е. Балаларға базарлық: өлеңдер, ертектер, жұмбақтар, жаңылтпаштар / Е. Елубаев; сурет. Б. Сопыбеков. - Алматы: Алматыкітап, 2006. - 122 б.: сурет. - (Мектеп кітапханасы).

  5. Елубаев, Е. Жан - жануарлар әлемі / Е. Елубаев ; сурет. А. Бережная. - Алматы: Аруна, 2013.- 48 б.: сурет. - (Әліпби. Анамен оқып үйренемін).

  6. Елубаев, Е. Жаңылтпаштан жаңылма / Е. Елубаев // Балапан. - 2010. - № 4. - 11 б.

  7. Елубаев, Е. Жедел жәрдем / Е. Елубаев ; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008. - 9 б.: сурет.

  8. Елубаев, Е. Жүз жұмбақ, жүз жаңылтпаш / Е. Елубаев. - Алматы: Мектеп, 1989.- 32 б.

  9. Елубаев, Е. Кім күшті?: өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар / Е. Елубаев; сурет. В. Ващенко. - Алматы: Рауан, 1992. - 48 б.

  10. Елубаев, Е. Кім?; Тағамдар; Шаңғыжол: өлеңдер / Е. Елубаев // Жаттамақ.- Алматы, 1994.- 191 б.

  11. Елубаев, Е. Кел, санайық! / Е. Елубаев ; сурет. О. Казанцева. - Алматы: Аруна, 2013. - 10 б.: сурет. - (Бірге окиык).

  12. Елубаев, Е. Келешек : балаларға арналған таңдамалы өлеңдер, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, есептер, ойындар, мысалдар, пьесалар / Е. Елубаев. - Алматы: Балалар әдебиеті, 2005. - 196 б.

  13. Елубаев, Е. Көк жейде: өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар / Е. Елубаев. - Алматы: Раритет, 2008. - 256 б.: сурет. - (Балалар әдебиеті).

  14. Елубаев, Е. Қордай асуы: өлеңдер мен поэма / Е. Елубаев. - Алматы: Жазушы, 1987. - 96 б.: портр.: сурет.

  15. Елубаев, Е. Мақұлықтар / Елубаев Е; сурет. А. Бережная. - Алматы: Аруна, 2013. - 48 б.: сурет. - (Әліпби. Анамен оқып үйренемін).

  16. Елубаев, Е. Ойлан, тап: есептер, санамақтар, ойындар, мысалдар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, сабақтар / Е. Елубаев; сурет. Д. М. Набережный. - Алматы: Алматыкітап, 2011. - 270 б.: сурет. - (Мектеп кітапханасы).

  17. Елубаев, Е. Өжет: балаларға арналған пьесалар, тақпақтар, фельетондар, скетчтер / Е. Елубаев. - Алматы: Өнер, 1984.- 200 б.

  18. Елубаев, Е. Өртсөндіргіш / Е. Елубаев; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008. - 9 б.: сурет.

  19. Елубаев, Е. Полиция / Е. Елубаев ; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008.- 96 бет.: сурет.

  20. Елубаев, Е. Спорт / Е. Елубаев, А. Хамзеұлы ; сурет. Б. Ералиева. - Алматы: Аруна, 2013. - 52 б.: сурет. - (Әліпби. Анамен оқып үйренемін).

  21. Елубаев, Е. Сто загадок: кн.- картинка / Е. Елубаев ; пер. с каз. Ю. Кушак и др.; худож. Е. Джамалбаев. - Алма- Ата: Райхан, 1992. - 16 с.: ил.

  22. Елубаев, Е. Таңдамалы. Т. 2. Өлеңдер, жұмбақтар, ертегілер, жаңылтпаштар / Е. Елубаев. - Алматы: Ана тілі, 2014. - 383 б. - (Мерейтойлық әдебиет).

  23. Елубаев, Е. Таңдамалы. 1 т: өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар / Е. Елубаев. - Алматы: Ана тілі, 2013. - 384 б. - (Мерейтойлық әдебиет).

  24. Елубаев, Е. Трактор / Е. Елубаев; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008. - 9 б.: сурет.

  25. Елубаев, Е. Троллейбус / Е. Елубаев ; сурет. М. Омарова. - Алматы: Аруна, 2008. - 9 б.: сурет.

  26. Елубаев, Е. Туған дала..: өлеңдер / Е. Елубаев // Жаттамақ. - Алматы, 1994. - 91 б.

  27. Елубаев, Е. Тысяча слов : стихи, легенды, загадки, пьеса: пер. с каз. / Е. Елубаев; рис. Д. Касымова. - Алма-Ата: Жалын, 1990. - 118 с.: ил. - (Звездочка).

  28. Елубаев, Е. Шатыр; Қайтып барады : өлеңдер / Е. Елубаев // Жаттамақ. - Алматы, 1994. - 269 б.

 

Әдебиет тізімі

 

  1. Балдәуреннің лебі ескен Ескен кітаптары: балалар ақыны Ескен Елубаев // Кітап жаршысы. - 2011. - № 2 (ақпан). - 4 б.

  2. Елубаев Е. // Жүрегіңнің жылуын кітапқа бұр : Қазақстан жазушылары. Анықтамалық. 1–шығарылым / С. Беғалин атындағы МБК. - Алматы, 2009. - 116-117 б.

  3. "Ұланмен" бірге өскен Ескен Елубаев: Бала деп соққан жүрегі... / құрастырған Ш. Күмісбайұлы // Балалар бағының бағбандары: анықтамалық.- Алматы, 2008. - 104-107 б.


Тілдер

Жолдау 2018

Антитеррор

Антикоррупционный

Бір ел – бір кітап

Қазір сайтта

Қазіргі уақытта желіде 1 user қолданушы және 1 guest қонақ.

Жүйеге кіру